Жұмыс істейтін, алайда мәжбүрлі түрде еңбек демалысына шығып, кірісінен айырылған қазақстандықтар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төлем алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бір қызметкерге төленетін үшін әлеуметтік төлемнің мөлшері бір минималды жалақыға – 42,5 мың теңгеге тең (айына).
Жаңа әлеуметтік төлемді алу үшін азаматтар мынадай шарттарға сай болуы тиіс:
- Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты айлығы сақталмай (жұмыстан шығарылмай) мәжбүрлі түрде демалысқа жіберілген жұмысшыларға;
- Төлемге ие болу үшін жұмысшы төтенше жағдай енгізілмей тұрып соңғы 12 айдың кем дегенде үш айында МӘСҚ-та аударымы болуы керек;
- Әлеуметтік төлем тек орта, шағын және микробизнес жұмысшыларына беріледі.
Жаңа әлеуметтік төлемді тағайындау үшін жұмыс беруші жергілікті атқарушы органға жүгініп, жұмысшыларының кірістерінің шынында да тоқтатылғанын растайтын құжатты (жұмысшылардың тізімімен, тиісті бұйрықпен бірге) алып келуі тиіс. Өтінімге сәйкес жергілікті штаб жұмыс берушіге әлеуметтік қолдау көрсету туралы шешім қабылдайды.
Ал «Азаматтарға арналған үкімет» бөлімшесі жұмысшылардың тізімін өздігімен жасайды. Әлеуметтік төлем жұмысшыға төтенше жағдай уақытында, айлығы төленбей еңбек демалысына шыққан жағдайда ғана беріледі.
«Өз кезегінде қазіргі заңнамаға сәйкес жұмыссыз қалған азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру және кіріс жүйесінде соңғы 24 айдағы қатысу деңгейіне қарай 1-6 ай көлемінде әлеуметтік төлемге ие болады. Ол үшін жұмыссыз қалған азамат жергілікті жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Төлем автоматты түрде беріледі», - деп хабарлайды министрліктен.