Вирусты жұқтырғандар Шымкентте, Таразда және Петропавлда анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вирусты жұқтырғандар Шымкентте, Таразда және Петропавлда анықталды

25.03.2020

Қауіпті вирусқа шалдыққандар бұған дейін ауру шықпаған аймақтардан да анықталды.

Петропавлда коронавирус індетін жұқтырған адам Ресейдің Омбы қаласынан 23 наурыз күні пойзбен келген. 1993 жылы туған азаматшаның келесі күні дене қызуы көтеріліп, жедел жәрдем шақыртқан. Қазір ол провизорлық стационарға жатқызылып, толықтай оқшауланды.

Қатерлі инфекцияны жұқтырған Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны да дереу карантинге жатқызылды. 29 жастағы жүргізуші 23 наурыз күні Қырғыз Республикасынан Жамбыл облысына өзінің автокөлігімен келген. Онымен жақын байланысты болған 13 адам да оқшауланған.

Түркістан облысында да екі адам осындай диагнозбен жұқпалы аурулар ауруханасына түсті. Оның біреуі 1996 жылғы жігіт -Абай ауданының тұрғыны. 20 наурыз елордадан автобуспен келген. Ертесіне дене қызуы көтерілген ол жергілікті емхана дәрігерлерінің көмегіне жүгінген. Бүгін, аталған азаматтың анасынан да вирусты инфекция табылды. Қазір короновирус жұқтырған 24 жастағы жігітпен бір автобуста болған 51 жолаушының 35 анықталып, карантинге жатқызылды. 16 адам іздестіріліп жатыр. Ал бірнеше күн бұрын қатерлі індет жұқтырған ақтөбелік науқаспен жақын байланыста болған төрт адам да оқшауланды. Сондай-ақ, онымен бір бортта ұшып келген 33 адам да дәрігерлердің бақылауында.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ


Хабарламаларға жазылу