Қазақстанда COVID-19 вирусына қарсы вакцина дайындалып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда COVID-19 вирусына қарсы вакцина дайындалып жатыр

20.03.2020
Қазақстанда COVID-19 вирусына қарсы вакцина дайындалып жатыр

Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты бірлесіп, COVID-19 коронавирусына қарсы вакцина әзірлеуге кірісті.

«Біздің ұйымдарда жинақталған тәжірибе баршылық. Заманға сай ғылыми база да бар. Өндіріс технологияларын дамытып, сынақтан өткізіп, шетелдік баламалардан тиімділігі кем түспейтін отандық дәрі-дәрмекті әзірлейтін мамандар жұмыс істейді.

Мәселен, қаңтар айының соңында Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары COVID-19 коронавирусын 6 күннің ішінде анықтайтын тест жүйесін ойлап тапты. Қазақстандық тест жүйесінің тиімділігі мен өткір сезімталдығы ресейлік және қытайлық диагностикалық диагностикумдардан кем еместігі анықталды. 

Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институты» (Жамбыл облысы, Отар кенті) құс пен доңыз тұмауына қарсы вакциналарды жасап шығарған. Құрылғалы 60 жылдың ішінде институт биоқауіпсіздік, биотехнология, вирусология, микробиология және иммунология саласында үлкен тәжірибе жинақтады. Институт ғалымдары дәрі-дәрмектің 60-тан астам түрін, соның ішінде 30 вакцинаны, 16 сынақ жүйесін және 15-тен астам түрлі биологиялық өнімді жасап шығарды. 

Бұл институтта вирустардың генетикалық кітапханасының бірегей дерекқоры бар. Вакциналарды дамыту бағдарламасы аясында биотехнологиялық және гендік инженерияның алдыңғы қатарлы әдістерін қолдана отырып, 5 кандидаттық вакцина жасалады. Ұқсас технологияларды вакциналар жасау саласында әлемдік көшбасшылар қолданады. Кандидаттық вакциналардың бес түрінің ішінен клиникалық зерттеулерді жүргізуге арналған ең тиімді және технологиялық тұрғыда жетілдірілген вакцина таңдап алынады, - деп хабарланды ғылыми-зерттеу институтынан.

coronavirus2020.kz

Хабарламаларға жазылу