Қашықтан жұмыс істеген азаматтарға еңбекақы қалай төленеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қашықтан жұмыс істеген азаматтарға еңбекақы қалай төленеді?

17.03.2020
Қашықтан жұмыс істеген азаматтарға еңбекақы қалай төленеді?

Нұр-Сұлтан қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Смағұлов қашықтықтан жұмыс істеген азаматтарға еңбекақы қалай төленетінін айтып берді. 

«Тараптардың келісуімен және өндіріс барысы мүмкіндік берсе, жұмыс беруші қашықтан жұмыс жүргізу тәртібін бекіте алады. ҚР Еңбек Кодексінің 138-бабына сәйкес, қашықтан жұмыс істеу – еңбек процесінің ерекше формасына жатады», - деді Ерлан Смағұлов елорда әкімдігінде өткен онлайн-форматтағы баспасөз мәслихатында.

Ол сонымен қатар бұл тұрғыда жұмыс беруші ақпараттық және коммуникациялық технологияларды қолдана алатынын жеткізді.

«Жұмыс беруші жұмысшыға коммуникация құралдарын ұсынып, ол технологиялардың қызметі мен шығынын көтереді. Егер жұмысшы әрдайым өзінің коммуникациялық құрылғыларын пайдаланар болса, жұмыс беруші оның өтемақысын өтеуі тиіс. Оның мөлшерін тараптар өзара ақылдасып, бекітіп алады. Тараптардың келісуі бойынша жұмыс берушінің жұмысын орындағаны үшін жұмысшының тіпті электр энергиясы, су және өзге де қажеттіліктері бойынша шығындар өтелуі тиіс», - деді ол.

Басқарма басшысының орынбасары қашықтан жұмыс атқаратындар үшін белгіленген жұмыс уақыты есебі бекітілетінін жеткізді. «Мұндай жағдайда жұмысты орындау шарттары, жұмыс уақытының есебі, шығындар – тараптардың келісуі бойынша, яғни жұмыс берушінің актісімен немесе еңбек келісімімен бекітіледі. Айлық жұмыс жүргізілген уақыт бойынша төленеді», - деді Ерлан Смағұлов.

Хабарламаларға жазылу