Коронавирустың кесірінен Алматыдағы дүкен сөрелері босап қалды, азық-түлік таусылуға жақын деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бірнеше күннен бері әлеуметтік желілерде «қаладағы ірі сауда орындарынан жұрт күнделікті тұтынатын тауарларды талап алып жатыр» деген хабарлама желдей есті. Дегенмен, Алматыдағы ірі супермаркеттер мен дүкендерде ешқандай азық-түлік тапшылығы жоқ. Бағасы да тұрақты. Сауда орындарының басшылығы қымбатшылыққа жол бермей, алдағы 1 ай көлемінде осындай баға сақталатынын айтты.
Осы уақытқа дейін елімізде короновирусқа байланысты 50-ден астам фэйк ақпарат тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігі жалған мәліметті таратқаны үшін азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Мәселен, әлеуметтік желіде Тобыл қаласындағы ауруханаға короновирусқа шалдыққандар жатқызылып, емдеу мекемесі жабылды деген өтірік ақпар тараған. Аурухананың бас дәрігері бұны бірден жоққа шығарды. Қазір бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Естеріңізге сала кетейін, бұндай әрекетке барғандар бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе 2 миллион 651 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді.
Жазира ОРАЗҚЫЗЫ