Қарағандыда «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы талқыланды. Басқосуға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қатысты. Үш сағатқа созылған жиында қоғам белсенділері, сарапшылар мен заңгерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жаңа құжатқа қатысты ой –пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ашық жеткізді. Сарапшылар тұжырымдамада «митинг», «пикет», «жиналыс», «шеру» секілді бейбіт акция түрлеріне анықтама айқын берілгенін айтады. Дегенмен, қоғам белсенділері бейбіт жиналысты өткізуге 15 күн бұрын хабарландыру беру туралы талапты қайта қарау керек дегенді алға тартты. Себебі өтінімді екі апта бұрын ескертіп, оған жауап күту мәселенің маңыздылығын жояды. Сондықтан екі күн бұрын ескерту жеткілікті деп санайды. Бұдан өзге, қоғам белсенділері заңның атауын өзгерту керек десе, енді бірі кәмелет жасына толмағандарды қатыстыруға тыйым салу қажеттігін айтты. Ал заңгерлер жалпы осы тұжырымдаманы қабылдамас бұрын, әуелі халықаралық институттарға сараптамаға жіберу керектігін айтты.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ