Мектептерде қороновирусқа байланысты сабақ болмайды деген ақпарат шындыққа жанаспайды! Бұл жөнінде Білім және Ғылым министрілігі ресми хабарлама таратты. Егер сабақ кестесіне қатысты қандай да бір шешім қабылданса, ол ведомствоның ресми сайтында жарияланады. Қазір түрлі әлеуметтік желілерде қауіпті індет кесірінен демалыс кезеңі өзгерді деген қауесет тарауда. Министрліктің қаулысына сай мектеп оқушыларының көктемгі демалыс күндері әдеттегідей 21 наурыздан 2 сәуірге дейін жалғасады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та сабақты тоқтатуға ешқандай негіз жоқ екенін айтады.
Қазақстанда Қытайдың 248 азаматы карантинге жатқызылды. Бұл туралы бүгін Деснаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп айтты. Оның сөзінше, 20-ақпан мен 4-наурыз аралығында қазақ жеріне Қытайдан 315 адам келіп, олар түгел дерлік оқшауланған. Ал 6 қаңтар мен 1 наурыз аралығында аспан асты елінен 32 456 адам келсе, жалпы барлық елдерден соңғы бір айда Қазақстанға 1 606 851 адам жетіпті. Оның 900 мыңнан астамы ЕАЭО елдерінің азаматтары.
Ләйлә ДУЛАТҚЫЗЫ