Қарағанды облысындағы 174 елді мекенді су басуы мүмкін. Бұл әр жылдары қызыл су шайған ең қауіпті аумақтар екенін айтады мамандар. Өңірдегі Нұра, Шерубай-Нұра, Сарысу, Тоқырауын, Талды өзендеріндегі су мөлшері жылдағыдан 68 пайызға дейін жоғары. Осыған орай үлкен су қоймаларын ең төменгі шекті мөлшерге дейін ортайту жұмыстары басталды.
Су басу қауіпі бар елді мекендер маңындағы өзенде мұздықтар жарылып, бөгеттер бекітілді, арықтар, көше қарлары тазартылуда. Алдын-алу шаралары оқу-жаттығу кезінде пысықталды. Облыс бойынша қосымша 2 миллиард теңге қарастырылған. Жеке құрамның 2,5 мың адамы және арнайы техника жасақталған. Қалалар мен ауылдық елді мекендер маңдарына 231 жылыту бекеттері қойылмақ. Су шаюы мүмкін деген 39 жол учаскесі анықталып, олардың бойындағы суағарлар мен көпірлер қардан аршылуда.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ