Бүгін Азияда тағы жүздеген адам COVID-19 вирусын жұқтырды. Ал Құрама Штаттар бұл аурудың бәрібір ғаламдық пандемияға айналатынын ескертті. Жұмбақ инфекциядан қауіптенген әлемнің акциялар нарығында соңғы төрт сауда сессиясында 3,3 триллион доллар жоқ болды.
Оңтүстік Корея коронавирустың Қытайдан тыс жердегі ең үлкен ошағына айналып барады.
Жапония. Мұнда коронавируске 800-ден астам адам шалдықты. Сондықтан, Токио Олимпиадасын көшірмей, кешіктірмей, тіпті мүлде доғару мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл идеяға жапон үкіметі де, Халықаралық Олимпиада Комитеті әзірге қарсы.
Ал Иранда коронавирустан 16 адам жан тәсілім етті. Түркия болса, Тегераннан жеткен ұшақ бортындағы 135 адамды 14-күндік карантинге жапты. Сонымен қатар, COVID-19 вирусы Африкада Алжирден, Латын Америкасында Бразилиядан, Еуропада Австриядан, Хорватиядан, Швейцариядан, Германиядан алғаш рет анықталып отыр. Ал Испанияның Канар аралдарында 800-дей адамды өзге дүниеден оқшаулауға тура келген.
Арыстан РЫСБЕК