Қазір ел бойынша осы апаттың алдын алу жұмыстары басталды. Бүгін республиканың барлық аймағында «Көктем-2020» оқу-жаттығу жиыны өтіп, дайындық пысықталды. Оған 3 мың адам мен 3 жүз техника жұмылдырылды.
Қызыл су қауіп төндіріп тұрған өңірдің бірі - Елорда. Нұр-Сұлтанда биыл су басу қаупі бар 37 аймақ анықталған. Ол жерлерде 5 мыңнан астам халық тұрады. Солардың бірі - Есіл ауданына қарасты «Ильинка-2» тұрғын алабы. Мұнда 55 жеке үй үреймен отыр.
Павлодар облысында 31 елді мекенді су басу қаупі бар. Сондықтан, барлық бөгет пен тоған ретке келтіріліп, қорғаныс шаралары жүргізілді. Ал, Ақтөбеде 2017 жылы су астында қалған аймақтың ахуалы қаралды.
Нұр-Сұлтан Төтенше жағдайлар комитетінің арнайы штабы қазір аймақтардың бәрін онлайн трансляция арқылы қадағалап отыр. Оқу-жаттығу ертең де жалғасып, екі күнде барлық кемшілік орнына келуі тиіс.
Амангелді СЕЙІТХАН