Қазақ радиосының сандуғашы Сауық Жақанова 75 жаста - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ радиосының сандуғашы Сауық Жақанова 75 жаста

11.02.2020
Қазақ радиосының сандуғашы Сауық Жақанова 75 жаста

Ол 45 жылдай Қазақ радиосының «үні» болған диктор. «Қазақтың Левитаны» Әнуарбек Байжанбаев оны «эфирдің Ақбаяны» деп атаған. Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» әдеби-сазды хабарлардың 80 пайызы оның даусымен жазылған.

Бүгін - Қазақ радиосының ардагері, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, диктор Сауық Жақанованың туған күні.

Сауық Жақанова 1945 жылы 11 ақпанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданына қарасты Еркіндік ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған.

1966-2002 жылдары Қазақ радиосында диктор, 1998-2000-жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сахналық сөйлеу пәнінің дәріскері болды. 2000-2013 жылдары Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің журналистика факультетінде оқытушылық етті. 

Жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап «Сөйлеу техникасы» (2002), «Жүргізушінің сөйлеу мәдениеті» (2004) жинақтарын жазды. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған (1985). 

«Қазақ радиосы маған жақсы ат берді, жақсы өмір сыйлады»,- дейді диктор сұхбаттарының бірінде. Сауық Мәсіғұтқызының Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған тамаша үні келер ғасырға жетер құндылығымен ерекше.

Хабарламаларға жазылу