Жерасты жолының құрылысы неліктен созылып кетті? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жерасты жолының құрылысы неліктен созылып кетті?

10.02.2020

Қазақ сахарасында мұндай автострада болмаған. Боралдайдың өзегін тесіп жатқан жол Түлкібас ауданынан басталып, Жамбыл облысынан бір-ақ шығады. Ұзындығы 840 метр. Ені -13 жарым, биіктігі 5 метр.  

Бұл - «Күйік асуы» секілді «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» трассасының ең қауіпті тұсы. Тау жоталарының арасы үнемі азынап тұрады. Үскірік жел жеңіл көлік түгіл, ауыр техниканы да бел ортасына дейін көміп тастайды.

Бұл құрылысты 2014 жылы ирандық компания қолға алған. 8,4 миллиард теңгемен келісімшартқа отырған. Алайда, 2016 жылы теңгенің күрт құнсыздануына шығынға батқан, ал 2017 жылдың күзінде бұл іске әзербайжандық компания кірісті. Енді олар да әлгінде айтқан күрделі инженерлік-техникалық шешімдерді талап ететін проблемаларға тап болып отыр. Бұл әлбетте жоба құнына әсер етеді.

Бүгінде бірінші тоннелдің 505 метрі, екіншісінің 414 метрі толығымен су өткізбейтін( гидроизоляциялық) материалмен қапталып, темірмен тоқылып, бетоннан арка құйылды. Ал әр жерден атылып шығып жатқан жер асты суларын да сыртқа ағызу машақаты тағы бар. Соған қарағанда министрлік межелеген уақыт пен ақша тағы жетпей қалатын сияқты.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу