Биылдан бастап заңсыз аң және балық аулаушыларға қатысты заң қатаңдатылды. Тәртіпке бағынбағандардың ісі енді қылмыстық жазаға теңеліп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Сондай-ақ инспекторлар мен олардың жақындарының өміріне қауіп төндіріп, қоқан- лоқы көрсеткендер 15 жылға дейін түрмеге қамалады.
Негізі бізде кез келген адамға салмағы 5 келіге дейін балық аулауға рұқсат етілген. Тек арнайы жолдамасы болу керек. 5 келіден асып кетсе, балықтың түріне қарай айыппұл салынады. Ал егер тор, электрлі қармақ сияқты құрылғылармен ауласа, қылмыстық жауапқа тартылады.
Былтыр елде заңсыз балық аулау бойынша 7 мыңға жауық заң бұзушылық анықталып, 5 мыңнан астам адам әкімшілік, 41 адам қылмыстық жазаға тартылды.
Бірақ соған қарамастан, браконьерлер азаймай тұр. Инспекторлар болса, халық заңды дұрыс білмегендіктен жиі заңбұзушылыққа барады дейді. Алайда заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны бәрімізге белгілі.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ