Зайсан ауданында 8 әкімге 500 мың теңгеден айыппұл салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зайсан ауданында 8 әкімге 500 мың теңгеден айыппұл салынды

05.02.2020

Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданында 8 әкімнің әрқайсысына жарты миллион теңгеден айыппұл салынған. Тіпті бір ауылдық округті басқарып отырған басшыға қатысты қылмыстық іс те қозғалды. Ауыл әкімдері спорттық алаң салу кезінде мемлекеттік сатып алу мен құрылыс жүргізу заңдылығын бұзды деп айыпталған. Бірақ олар өздерін кінәлі санамайды. Әрқайсысына 10 миллион теңгеден бөлініп, жұмыс тендер арқылы атқарылуы тиіс болған. Бірақ ауыл басшылары бұл соманы екіге бөліп, бәрі бір кәсіпкермен келісім-шарт жасаған. Айтуларынша, әкімдер жоғарыдан түскен тапсырмаға сай әрекет етуге мәжбүр болған.   

Бұл мәселе бойынша «Nur Otan» партиясының облыстық филиал жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес және Партиялық бақылау мүшелерінен арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар жақында Зайсан ауданына арнайы барып, істің мән-жайын жан-жақты зерделемек.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу