Бүгін Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтті. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен болған жиында «Рухани жаңғыру» бойынша осы уақытқа дейін атқарылған шаруалар айтылды.
Ұлттық комиссияның отырысында Дәурен Абаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2020 жылға арналған жаңа жоспарын таныстырды. Үш бағытты қамтиды. Жеке даму, ұлттық бірегейлік пен халықаралық таныстырылым және мемлекеттің, азаматтық қоғам мен жергілікті қоғамдастықтардың дамуы.
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген жобалар нақты нәтиже беріп жатқанын айтты. Мәселен, «Туған жер» жобасы аясында жаны жомарт кәсіпкерлер есебінен еліміздің әр түкпірінде мектептер, ауруханалар, спорт ғимараттары салынған. Бизнес қауымдастықтан 60 миллиард теңгеге дейін қаражат жиналып, екі мыңға тарта әлеуметтік нысан салынып, ескілері жаңартылған. Рухани жаңғыруға бизнес қауымдастық та белсенді атсалысып жатқаны айтылды. Биыл аталып өтілетін Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы сынды мерейтойларды да идеологиялық тұрғыда ұлт пен ұрпақ үшін маңызды қылып өткізу жайы пысықталды.
Ербол МӘНДІБЕК