Зейнеткерді өрттен құтқарам деп денесінің 70 пайызы күйген ақтөбелікке көмек қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зейнеткерді өрттен құтқарам деп денесінің 70 пайызы күйген ақтөбелікке көмек қажет

04.02.2020

Көршісін құтқарамын деп, өзі өртке оранған ақтөбелік Артем Головня Елордадағы ауруханада 8 күннен бері жатыр. Науқас Ақтөбеден санавиациямен жеткізілген еді. Қазір жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер жағдайын қалыпты ауыр деп бағалап отыр.

Артемнің денесінің 70 пайызын күйік шалған. Сол себепті өздігінен жүріп-тұра алмайды. Жанына да ешкімді жібермейді. Жас жігіттің жақындарынан анасы ғана бар. Сондықтан оның осындай жағдайына бей-жай қарамай, демеу боп жүрген тек волонтерлер.

Ал қайғылы жағдайдың өзі жазда болған еді. Артем Головня осыдан 8 ай бұрын зейнет жасындағы көршісін өрттен құтқарамын деп өзі өртеніп кете жаздаған. Содан бері Ақтөбедегі жергілікті ауруханада ем қабылдапты. Жығылғанға жұдырық. Жас жігіт қайғылы оқиғаға тап болысымен, жанашыр жандар оның еміне қаржы жинапты. Алайда алаяқтар қайырымдылық қаржысын Артемнің анасының қолына тигізбей алып кеткен. Бүгінде оларға қатысты іс жүргізілуде. Ал ақтөбеліктің еміне волонтерлер қаражатты қайта жинай бастады. Өйткені жас жігіт операциядан кейін ұзақ уақыт сауықтыру шараларынан өтеді.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу