Елордада полиция қызметкері 7 адамды өрттен құтқарып қалды. Оқиға осыдан екі күн бұрын болған. Ерлан Жаңабаев кезекшілік кезінде Орлыкөл көшесіндегі жатақханадан шыққан қою түтінді көрген. Өрт сөндірушілерді күтпей, үйге жүгіріп кіріп, іштегі адамдарды сыртқа лезде шығарған. Олардың арасында қарт адамдар мен балалар болыпты.
Полиция капитаны жасаған ерлігі туралы ешкімге айтпаған. Бұл жағдай өрттен құтқарылған адамдардың алғыс айтқан видеосы әлеуметтік желіде тарағаннан кейін ғана белгілі болды. Олар учаскелік инспектор болмағанда бәрі қайғылы аяқталуы мүмкін екенін айтады.
Әзірге баспанасыз қалғандар туған туыстарын паналауға мәжбүр. Тілсіз жаудың неден тұтанғаны да белгісіз. Ал адамдардың өмірін арашалап қалған бес баланың әкесі, полиция капитаны Ішкі істер органдарында 17 жылдан бері жұмыс істейді. Әріптестері оны өз ісін жақсы білетін мықты маман деп бағалайды.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ