Қытайдан Қазақстанға келген 6 адам ауруханаға жатқызылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайдан Қазақстанға келген 6 адам ауруханаға жатқызылды

28.01.2020

Елімізде коронавирус ауруы тіркелген жоқ. Дегенмен, Қытайдан келген соң дене қызуы көтерілген тағы алты жолаушы ауруханаға жатқызылды. Оның біреуі Алматыда болса, қалған бесеуі Ақмола облысында тексеруден өтуде. Осыған дейінгі жаңалықтарымызда 4 адамның ем қабылдап жатқанын айтқан едік. Осылайша, тек бүгіннің өзінде 10 адам короновирус жұқтыруы мүмкін деген күдікке ілінді. Қазір олар қан тапсырып, сараптамалық тексеруден өтіп жатыр.

Дене қызуы көтерілген науқастар Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан қаласында анықталып, бірден ауруханаға жеткізілді. Ал Ақмола облысында бүтін бір отбасының медициналық мекемелерге жатқызылуына тура келді. Өйткені олардың 2 және 5 жасар балалары қатты науқастанып қалған. Жанұя екі апта бойы Хайнань қаласында демалған. Сараптама қортындысы алдағы тәулікте дайын болады.

Ал түске дейін ауруханаға жатқызылған 2 науқастың нақты диагнозы анықталып, үйлеріне қайтарылды. Қалғаны алдағы үш тәулікте белгілі болады. Сыртқы істер және Денсаулық сақтау министрліктері Қытайдағы туристердің барлығы елге келіп үлгермегенін айтады. Сондықтан шекараны жабу мүмкін емес. Індет тараған уақыттан бері елімізге Қытайдан 25858 адам келген. Оларды тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Сыртқы істер министрлігінің айтуынша, Ухань қаласындағы студенттерді эвакуациялау үшін Қытай тарапынының келісімі күтілуде. Арнайы мамандандырылған борт ұшуға әзір. Ал студенттер елге оралған соң 14 күн оқшауланып, карантинге алынады.

Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық бақылауды күшейтті. Бұрынғы орындардан бөлек, 4 жарым мың қосымша төсек-орын дайындалды. Қатерлі вирус ауа тамшылары арқылы жұғатындықтан мамандар жеке бастың гигиеналық тазалығын сақтап, қоғамдық орындарда бетперде киюге кеңес береді.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу