Ақтөбе қаласы маңындағы ауылдарды да қар басып, қатынас тоқтап қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе қаласы маңындағы ауылдарды да қар басып, қатынас тоқтап қалды

27.01.2020

Апталап соққан боран ақтөбеліктерді де әбден діңкелетті. Республикалық маңызға ие жолдар түгел жабылып, тек соңғы тәуліктің өзінде қар құрсауында қалған 20 адам құтқарылды. Алыс елді мекендерді айтпағанда, қала маңындағы ауылдарды да қар басып, қатынас тоқтап қалды.

Қаладан он бес шақырым жердегі Құрашасай ауылына бірнеше күннен бері қатынау қиын. Техника кіре алмайды. Тұрғындар көліктерін бірнеше күннен бері үлкен жолдың бойына қойып кетіп жатыр. Себебі әкімдік көшелердің барлығын тазарту мүмкін емес деп хабарлады. Елді мекеннің ойпатты жерде орналасқан бөлігімен қатынас мүлдем үзілген.

Ауа райының қолайсыздығынан көлік түгілі жаяу адамның да көшеге шығуы мұңға айналды. Елді әбігерге салған мұндай ақтүтек боран соңғы 30 жылда болып көрмегенін айтады тұрғындар.

Өкінішке қарай, боранды күндері оқыс оқиғалар да болды. Облыс әкімінің аудандардағы есеп беру жиынына шыққан шағын автобус апатқа ұшырады. Журналистерді тиеген көлік өңір басшысы мінген джиптерге жетуге асыққан. Салдарынан екі тілші мен жүргізуші жарақат алды.

Бірнеше тәулік бойы қаһарлана соққан қарлы боран бүгін тоқтады. Коммуналдық мекемелер күн түн демей жолды тазартауда. Бір тәулік ішінде елді мекендердегі қатынас қалпына келуі тиіс.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу