ЖІӨ өсімі 4 айда 3,7 пайызға өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЖІӨ өсімі 4 айда 3,7 пайызға өсті

14.05.2017

Дамуға ықпал еткен бірнеше фактор бар. Біріншісі Қытай мен Ресей экономикасының тұрақтауы. Былтыр, батыс елдерінің салған санкцияларынан Ресей саудасы сан соғып, сансырап қалды. Қытай экономикасы да әлсіреген. Ал биыл жалпы жаһанда жағдай жақсарады деген болжам бар.

Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, ағымдағы жылы экономикалық белсенділік дамыған елдерде де, дамушы елдерде де жылдамдайтын болады. Әлемдік экономика өсімі 3,4-3,6 пайыз деңгейінде күтілуде.

Қазір мұнай мен газ отандық экономиканың басты көзірі. Экономикамызды өңдеуші секторға бұра бастағанмен, негізгі түсім – шикізаттан. Бюджеттің сүбелі кірісі «қара алтын» саудасынан келеді. Былтыр мұнай бағасы тұрақсыз болған соң, экономика да біраз тұралаған. Өткен жылы осы уақытта өсім болған жоқ, керісінше жалпы ішкі өнім 0,1 пайызға төмендеген.

Республикалық бюджеттің жалпы шығыны 2 трлн 65 млрд болса, соның 44%-ы әлеуметтік саланың үлесінде. Орташа жалақысы 148600 теңге болып белгіленді. Яғни, былтырмен салыстырғанда 3,8 пайызға көтерілген. Былтыр керісінше 9,6 пайызға түскен еді. Жұмыссыздық деңгейі де төмендеді - 0,1%.

Үкімет биылғы жылды жақсы көрсеткіштермен бастады. Сыртқы сауда көлемі де артты. Алыс-беріс те көп, экспорт еселенді. Биыл елдің ЖІӨ өсімі 2,5 пайызға жетеді деген болжам бар. Былтыр бұл көрсеткіш 1 пайыз болды. Енді озық отыздыққа кіру үшін экономикада кем дегенде жылына бес пайыз өсім болуы шарт.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу