Қызылжарлық салымшылар наразылық танытты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылжарлық салымшылар наразылық танытты

24.01.2020

Қызылжарлық салымшылар сергелдеңге түсті. Өйткені бұдан былай Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы енді «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында салынған пәтерлер алдымен әкімдіктің кезегінде тұрғандарға беріледі. Бұл талай жыл ақша салып, балл жинаған салымшылар үшін тиімсіз екенін айтады олар.  

Қайсар Әлімжан 5 жыл бойы жаңа үй алсам деп тірнектеп жинаған тиын-тебенін банкке салған. Енді қолым жетеді дегенде, тағы бірнеше жыл күтуге тура келеді деп қынжылып отыр.

Қайсар сынды банкке қаржы жинаған қызылжарлық салымшылар мыңдап саналады. Бүгін олар таң атпастан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне келіп наразылықтарын білдірді

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кезекте тұрғындардың жалпы саны 18 мыңнан асады. Оның 7000-ы әкімдік кезегіндегілер. Банк өкілдерінің айтуынша, жаңа тәртіпке сай кезекке тұрмаған салымшыларға күтуден басқа амал жоқ.

Салымшыларды титықтатып отырған тағы бір түйткіл тұрғын үй құрылысының кешеуілдеуі. Былтыр берілуі тиіс екі үй әлі аяқталмаған. Құрылыс мерзімінде біткенде бүгінгі салымшылардың көбі баспаналы боп қалар еді.

Кездесуден соң наразы жұрт Үкімет пен «Nur Otan» партиясы өкілдеріне хат жазуға келісті. Себебі олар жаңа ереже басқа салада еңбек еткендіктен кезекке тұра алмайтын өзге салымшылардың құқығын шектейді деген пікірде.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу