Б.Сапарбаев: Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдіктердің саны 40 пайызға азайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Б.Сапарбаев: Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдіктердің саны 40 пайызға азайды

24.01.2020
Б.Сапарбаев: Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдіктердің саны 40 пайызға азайды

Өткен жылы 500-ден астам шетелдік жұмысшы еліне қайтарылды. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты

«Жалпы белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Бұл көрініп тұр. Бірақ сұрағым бар. Шетелдік және жергілікті жұмыскерлерге жалақы төлеу жөнінде теңсіздікке жол бермеу керек. Бұл -  анық мәселе. Осы жұмыстың нәтижесі қандай? Нәтижелер қазір бар ма, жоқ па?», - деп сұрады Мемлекет басшысы әлеуметтік даму және еңбекпен қамту жөнінде баяндаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтан. 

Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 2010-ға жуық кәсіпорында шетелдік азаматтар жұмыс істейді. Оларда еңбек ететін қазақстандықтардың үлесі 90 пайызды құрайды. 

«Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, Еңбек министрлігі, Бас прокуратура жергілікті билік өкілдерімен бірігіп, 3 мыңнан астам шетелдік жұмыс істейтін 96 кәсіпорынды тексерді. Соның нәтижесінде мыңға жуық заң бұзушылық анықталды. Бас прокуратураның көмегімен 500-ден астам шетелдік еліне қайтарылды. 470 еңбек шарты бұзылды», - деді ол. 

Б.Сапарбаевтың айтуынша, биыл былтырғы жылмен салыстырғанда шетелдік жұмысшылар квотасы 40 пайызға қысқартылды. Яғни, былтыр 49 мыңға жуық шетелдік азамат қазақстандық кәсіпорындарға жұмысқа тартылса, биыл олардың саны 29 мыңға дейін төмендетілді. Ал осыдан 5 жыл бұрын елімізде жұмыс істейтін шетелдіктердің саны 100 мыңға жуық болатын. 

«Оған қосымша біз қазіргі қолданыстағы заңнамаға өзгерістер дайындап, Парламентке бердік. Кәсіпорындарға шетелден маман тартатын болса, кемінде 2-3 жылдың ішінде солардың орнына жұмыс істейтін қазақстандық маман дайындау қажеттігін ескерттік», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Хабарламаларға жазылу