Баянауыл әуежайының құрылысына жауаптылар жазаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баянауыл әуежайының құрылысына жауаптылар жазаланады

23.01.2020

Баянауыл әуежайының құрылысына жауапты әкімшілік қызметкерлері мен мердігер компания басшылары қылмыстық жауапқа тартылады. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының жергілікті департамент өкілдері мәлімдеді. Дерекке қарағанда, осы нысанды салған «Сапа+» ЖШС-і ауданның ішкі жолдары құрылысынан да біраз қаржы жымқырған. Мәселен, Алексеевка-Жаңажол бағытындағы 37 шақырым жолды жөндеу кезінде бюджет қаржысының игерілгендігі жөнінде жалған актілер толтырады. Ал соны біле тұра, лауазымды тұлғалар қол қойған. Одан бөлек аудан әкімшілігі әуежай ашу мақсатында аталған фирмадан 324 шаршы метрлік нысанды 240 млн.теңгеге сатып алған. Мамандардың айтуынша, ғимараттың құны бұдан әлдеқайда қымбат болуы тиіс. Бірақ бүгінгі күнге дейін Баянауылдағы әуежай бірде-бір туристі қарсы алған емес.

Болат АМАНБАЕВ


Хабарламаларға жазылу