Енді пәтер иелері кооперативі болмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді пәтер иелері кооперативі болмайды

22.01.2020

Енді пәтер иелері кооперативі болмайды. Оның орнына мүлік иелері бірлестігі құрылады. 1 шілдеге дейін тұрғындар өз мүлік иелерінің нысанын таңдауы керек. Ол серіктестік немесе заңды тұлға болуы мүмкін. Жаңа жүйенің ерекшелігі қандай? Тиімділігі неде?

Жаңа құрылым «бір үй-бір бірлестік-бір есепшот» қағидасына негізделген. Тұрғындар өз үйлерін өздері басқарады. Яғни, үйді күрделі жөндеуге қаражатты өздері жинайды, кем-кетікті өздері келісіп отырып түгендейді. Және сол қаражаттың түсуін және ақшаның мақсатты жұмсалуын өздері бақылайды.

КСК сенімді ақтамады. Тұрғындардың қызмет сапасына көңілі толмайды. Үйлердің сырты жамап-жасқалғанымен, тұрғын жайдың ішкі инженерлік коммуникациясы ескірген.

Ал пәтер иелері кооперативі мұндай проблемаларды шешуге қауқарсыз. Өйткені ол бір емес, бірнеше үйге қызмет көрсетеді. Он немесе жүз үйге бір ғана есепшот ашылғандықтан, тұрғындардан жиналған ақшаның қайда жұмсалып жатқанын білу де мүмкін емес. Сондықтан кейбір үйдің тұрғындары жеке серіктестіктерге, яғни сервистік компанияларға үміт артып, КСК- дан бас тартты.

Жаңа жүйе де осы секілді. Сервистік мекемемен бірлестік арқылы жұмыс істейді. Қажетті ақшаны тұрғындар өздері жинайды. Бірлестік басқарушысын да өздері таңдайды.

Ортақ мүлікке күрделі жөндеу жүргізу тетіктері өзгереді. Мүлік иелері бірлестігі арқылы жеңілдетілген қарыз алу мүмкіндігі қарастырылған. Екі шот ашылады. Жинақтаушы шот, ол күрделі жөндеу жұмыстары үшін және екінші шот күтіп ұстау мақсатына жиналатын ақша.

Пәтер иелерінің кооперативтері бірден таратылмайды. 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін басқарушы немесе сервистік компания болып қайта құрылуы тиіс. Жаңа мәртебеде олар үйлерге қызмет көрсету бойынша жұмысын жалғастырады. Тек құрылған мүлік иелері бірлестігі ол КСК мен келісім шарт жасай ма, жоқ па өздері шешеді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу