Шығыс Қазақстан облысында бір тәулікте бір метрге дейін қар жауды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында бір тәулікте бір метрге дейін қар жауды

20.01.2020

Еліміздің бірқатар аймақтарында бірнеше күннен бері қалың қар жауып, қатты боран соғып тұр. Ауа-райының қолайсыздығынан автокөлік жолдарын да жабуға тура келді. Шығыс Қазақстанда да бір тәуліктің ішінде бір метрге дейін қар жауды. Ақтүтек боранның салдарынан жолда қалған 200-ден астам адам құтқарылды.

Соңғы 3-4 күнде Шығыс Қазақстанда республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды бірнеше рет жабуға тура келді. Ат құлағы көрінбейтін бораннан Көкпекті мен Қалбатау ауылының арасында көлік қозғалысы тоқтатылды. Бірақ Байбура асуында бірнеше көлік қалып қойған.

Ауа райына байланысты жолда тұрып қалғандарға «Қазақавтожол» мекемесінің қызметкерлері көмектесті. Олар түні бойы жолдағы қарды күреп, жолаушыларды аудан орталығына дейін жеткізді.

Көкпекті ауданында қардың қалыңдығы 1 метрге дейін жетті. Жолда қалған көлік пен адамдарға жәрдем беру үшін трассаға ауыр техниканың бірнеше түрі шығарылды.

Қатты боран Бородулиха, Шемонайха және Глубокое ауданының тұрғындарын да әбігерге салды. Облыс бойынша қарға батқан 150-ге жуық көлікке, 200-ден астам адамға көмек көрсетілді.

Синоптиктердің хабарлауынша, Шығыс Қазақстанның басым бөлігінде әлі 3-4 күн бойы қар жауады. Яғни ақ ұлпа алдағы аптада бұдан да мол болады. Сондықтан тұрғындар қазірден бастап өз үйінің ауласын қардан тазартуға қызу кірісіп жатыр. Бұл жұмыстағы басты ұран «көбірек күреп, алысқа асыр».

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу