Жетім балаға қайырымдылық қоры пәтер алып берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетім балаға қайырымдылық қоры пәтер алып берді

17.01.2020

Жетім көрсең, жебей жүр! Бүгін 10 жылдан бері баспана кезегінде тұрған Андрей Горелов су жаңа пәтерге қоныстанды. Ата-ана мейірімін көрмей өскен 21 жастағы жігіт соңғы бірнеше жылдан бері хостелде күнелткен еді. Тіпті ақпарат құралдарында да оның ауыр тағдыры жайлы жарияланған болатын. Енді бүгін арман болған пәтеріне жайғасты. 

Андрей Гореловты қонысымен құттықтап, шашу шашып жатқан көп балалы аналар. Жаңа пәтерге ие болған 21 жастағы жігітке сыйлықтарын да ала келген. 

Ал ата-ана қамқорлығынсыз өскен Андрейдің қуанышында шек жоқ. Баспаналы болғанына әлі сенбей жүр. Ауданы 38 шаршы метр пәтер оған ұзақ мерзімге жалға берілген. Кейін жекешелендіріп ала алады. Ал ай сайынғы ақы 5 мың теңге.

Әрине қуанбай қайтсін. Балалар үйінде өсіп, 10 жыл бойы баспана кезегінде тұрған Андрей бұған дейін хостелдерді жағалап жүр еді. Оған үй алуға қоғамдық қор көмектескен. 

Қазір Андрейдің тұрақты жұмысы бар. Жалақысы да тәп-тәуір. Жаңа өмір бастаған жігіт енді аяққа тұрып, үйленуді жоспарлап отыр. 

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу