Алматы маңындағы әуе апатынан кейін талай заңсыздықтың беті ашыла бастады. Әулиеата әуежайы маңындағы 9 гектар жерді алып жатқан жылыжай 9 жыл бойы мүлік ретінде тіркелмей, заңсыз жұмыс істеп келген. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жылыжайды лизингке алған кәсіпкер былыққа тап болған.
Нысанды лизингке ала сала кәсіпкер жаңа технологиямен жабдықталған жылыжай соқпақ болған. Өйткені өнімнен пайда түспеген. Ал өз кезегінде ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры азаматтық авиация комитетінен рұқсат алу керектігін айтқан. Комитет рұқсат бермеген. Бұған дейін 6 жыл бойы жұмыс істеп келген жылыжайды несиеге рәсімдеген шаруаның ақыры сотқа жүгінуден басқа амалы қалмаған.
Сот мүлік тіркелмеген және рұқсатсыз салынған деген шешім шығарған. Алайда, аппеляциялық сот ол шешімді жоққа шығарған. Кәсіпкер былықтың беті сонда ашылғанын айтады. Айтуынша, аудан әкімі бекітіп берген жер мен кәсіпкерлік нысан тұрғызылған жердің сызба нұсқалары сәйкес келмейді.
Ал ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының өкілдері сот процесі жүріп жатқандықтан тұщымды ақпар бере алмады.
Жылыжай мәселесіне байланысты қазір 7-ші сот процесі жүріп жатыр. Ал кәсікпер лизингке алған қаржыны қайтарудан қашпаймын деп отыр. Бірақ қауіпсіздікке көз жұмып, әуежай маңындағы жерді шаруаларға заңсыз сатқандар жазалануы тиіс екендігін айтады.
Сәбит ӘЛДЕБАЙ