Жалдамалы пәтерге өтініш бергендердің басым бөлігінде тіркеуі болмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалдамалы пәтерге өтініш бергендердің басым бөлігінде тіркеуі болмады

16.01.2020

Жалдамалы пәтерге өтініш бергендердің басым бөлігінде тіркеуі болмады. Нұр-Сұлтандағы тұрғын-үй қорының мамандары өткен жылы комиссиядан өтпеген жастардың құжат жинаудағы басты қателігін айтты. Еске салайық, 2019 жылдың желтоқсан айында елордада 5 жылға жалға берілетін пәтерлер үлестірілді. Оның негізгі шарттарының бірі - соңғы екі жылдағы тіркеу еді. Ал көбісі бейтаныс адамдардың үйіне тіркеліп, кейін одан шығып қалғанын білмей қалған. Жастарға берілген жаңа пәтердің жайы қалай? Алмағандар тағы нені ескеру керек. 

Ірі мегаполис саналатын Елордада 15000 теңгелік пәтер бар дегенге ешкім сенбеген еді. Бірақ көп жастардың ғажайып арманы шынымен де орындалды. Өздеріңіз көргендей мына үй шаһардағы 1050 отбасыға бұйырды. Қазіргі уақытта олардың 300-ге жуығы қоныстанып үлгеріпті. 

 3000-ға жуық пәтер елорда, Алматы, Шымкент қалаларында берілген болатын. Жастар оны сатып ала алмайды. Тек 5 жыл жалдайды. Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 1000 пәтерге 6000-нан астам өтініш келіп түскен. Солардың ішінде, әсіресе, отбасылы, балалы жанұялар, жеке кәсіп иелері, тұрғын-үй құрылыс жинақ банкінде есепшоты бар жастардың балы жоғары есептелген. Ал өтпегендердің басым бөлігіне тіркеу мен жалақы мәселесі кедергі болған.   

Пәтер иелеріне басты талап жылына бір рет атында мүлік жоқ екенін дәлелдейтін анықтама қағаз әкелуі шарт. Егер өзге біреулерді тұрғызып немесе 6 ай көлемінде пәтерақы төлемесе үйді жауапты мекеме сот арқылы тартып алады. Ал тұрғын-үй құрылыс жинақ банкіне ақша жинау жастардың өз еркінде. Дегенмен, мамандар мұндай мүмкіндік екінші рет берілмейтінін де ескертіп отыр. 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу