Жамбыл облысындағы ауылдар жол азабын талай жыл тартып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы ауылдар жол азабын талай жыл тартып келеді

16.01.2020

Жамбыл облысы Талас ауданындағы бірнеше ауыл талай жылдан бері жол азабын тартып келеді. Ал төрт жыл бұрын қираған көпір әлі күнге дейін апатты жағдайда тұр. Сол уақыттан бері ауылдарға қоғамдық көлік қатынауды қойған. Қыстың көзі қырауда шалғайдағы тұрғындар үшін аудан орталығына жету қиямет. Елді мекен халқы ұлттық арна тілшілеріне шағымын жеткізу үшін арнайы жиналды. 

Қос ауданның аумағын басып өтетін Ерназар-Қойгелді тас жолының сұрқы осы. Ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген бұл жолмен Талас ауданы мен Жамбыл ауданындағы бірнеше ауыл тұрғындары қатынайды. 

Ауыл тұрғындары қыс айларында ой-шұқырды қар басып, жол тегістеліп,қозғалыс жеңілдейтіндігін, ал жазда бұл тастақпен жүру мүмкін емес екенін айтады.

Ал әкімдік өкілдері жол биыл жөнделеді деп отыр. Оған облыстық және аудандық бюджеттен 82 миллион теңге қаралған. Жылдар бойы жол азабын тартқан тұрғындар биылғы қыркүйектен бастап тақтайдай жолмен жүйткитін болады деп сендірді.

Талас ауданында 23 елді мекенге тиесілі жолдың 30 проценті ескірген. Биыл оларды жөндеуге бюджеттен 615 миллион теңге қаражат бөлінбек. Ал апатты жағдайдағы көпірді қалпына келтіруге жобалық құжаттар әзір. Мамандардың айтуынша, бірнеше елді мекенге қызмет етіп тұрған көпірді жөндеу жұмыстары сәуір айында басталады. Оған дейін қоғамдық көліктен қағылған ауыл тұрғындарына амалдай тұруына тура келеді.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ 

Хабарламаларға жазылу