Ішкі істер министрлігі шетелде тіркелген көлік иелеріне соңғы ескерту жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ішкі істер министрлігі шетелде тіркелген көлік иелеріне соңғы ескерту жасады

15.01.2020

Ішкі істер министрлігі шетелде тіркелген көлік иелеріне соңғы ескерту жасады. Сенімхат немесе сақтандыру полисін жасап алып, Қазақстан жолдарымен жүйткіп жүргендер енді жауапкершілікке тартылады. Заң бойынша қазақстанда өзге нөмірлі көлікті бір жылға дейін басқаруға шетел азаматтарының ғана құқығы бар.  

Қолданыстағы заң бойынша Қазақстан азаматы шетелде тіркелген көлікпен ел ішінде 10 күн ғана жүре алады. Одан соң қайтадан шекара асыруға немесе тұрақты тіркеуге қоюға міндетті. Ішкі істер министрлігінің өкілдері осылай деді. Бұдан былай талапқа бағынбағандар заңға сай жауапқа тартылмақ.

Бұл жаңа заң емес, қолданыстағы ережелердің шарты. Полиция қызметкерлері тек бүгінге дейін ескертумен шектеліп келгендігін айтады. Ал біздің елде тіркеу талабына сай келмейтін, яғни тым ескі немесе оң жақ рөлді көлік иелері қайтпек? Мамандардың айтуынша, ондай автокөліктерді қосалқы бөлшек қылып бұзып, не болмаса шекара асырып сатудан басқа амал жоқ. Бұл бастаманы қолдап отырған тұрғындар да баршылық.

Шынында да, заңда көрсетілген талаптарды мәжбүрлі түрде орындатуға жол көлік оқиғаларының көбейіп кетуі себеп болып отыр.

Полиция қызметкерлері осылайша жүгенсіз жүргізушілерді жөнге салу үшін талапты қатаңдатуға мәжбүр болғанын айтады. Ал «ескертудің бұдан ертерек болмауына қатысты заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды» деп жауап берді.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу