Павлодардағы әуежайдың дәл етегінде, керісінше, құрылыс қызған. Бұл жерде тұтас коттедждер қалашығы салынып жатыр. Осы аумақтан жер телімін алған тұрғындар күні ертең салған баспанамызды қайта бұзып тастай ма деп алаңдайды. Сол себепті былтыр қазан айында жергілікті билікке хат жазған.
Әуежайға іргелес мына үйлер Кеңестік заманнан бері бар. Бұл ұшқыштар мен техниктерге және ұшақтарға қызмет көрсететін басқа да мамандар үшін салынған. Ерекше дейтіндей ешнәрсе жоқ. Бар айырмашылығы, сол уақытта осы үйлердің тұрғындарына мал, құс тіпті, ит ұстауға тиым салынған. Өйткені, олар ұшу кезінде кедергілердің пайда болуына әсер етуі мүмкін.
Бұл авиация саласының жазылмаған заңы. Ал ресми талаптарға келсек, әуежайдан 15 шақырым аумақта күл-қоқыс төгетін орын, мал өлекселерін тастайтын қорым, аса биік ғимарат болмауы тиіс. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Павлодардың ипподромы аяқасты бұзылып, басқа аумаққа көшірілді. Себебі, жылқы малы жайлаған жерге құстар қаптап, әуе лайнерлерінің самғауына бөгет болған.
Ал қазір дәл осы аумақта коттедждер салынып жатыр. Жылқы ұстайтын атқора, мал бордақылайтын баз да бар.
Жеке адамдар ғана емес, әкімшілік дәл осы аумақта «Нұрлы-Жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 55 коттедждің құрылысын бастады. Орталықтандырылған жылу жүйесі болмағандықтан олар да көмірмен жылытылады.
Құжат құзырлы орындармен келісілген. Оның үстіне дәл осы аумақта жеке үй салу үшін 450-ден астам жер телімі берілген. Ертеңгі күні мұржадан шыққан түтін ұшу алаңын тұманға айналдырмасына кім кепіл? Адам тұратын жерге ұшқан құс қалайша қонақтамайды? Жергілікті билік жайбарақат болғанымен, авиақалашықтың болашақ тұрғындарын осы сұрақтар жиі мазалайтын болған.
Болат АМАНБАЕВ