Таяу Шығыстағы кикілжіңдердің елімізге қандай әсері бар?

12.01.2020

ҚР Президенті Қ.Тоқаев twitter- дегі парағында былай жазды:

«Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты Ақордада жиын өткіздім. Жағдайды тек бейбіт, дипломатиялық жолмен реттеген жөн деп санаймын. ҚР азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еліміздің мүддесін қорғау мақсатында тапсырмалар бердім».

Иә, АҚШ пен Иран текетіресі әлем халқын жаңа жылдың алғашқы күндері үшінші дүниежүзілік соғыс тақырыбын қозғауға итерген. Кикілжіңнің кульминациясы - қаңтардың 3-де АҚШ Иранның сырт жерлердегі операцияларын іске асыратын «Құдс күштерінің» қолбасшысы Касем Сүлейманиді өлтірді.

Сөйтіп Иран Сүлеймани өлімі үшін кек қайтаратынын мәлімдеп, сәрсенбіде АҚШ-тың Ирактағы әскери базаларын баллистикалық зымыранмен атқылады. Иран билігі 80 адам көз жұмды деп хабар таратқанымен, америкалық әскерилердің дін аман екені бірден белгілі болды.

АҚШ Президенті Д.Трамп «мен президент болып тұрғанда Иранда ядролық қару болмайды» деп бастап, алдында айтып жүргеніндей Иранды қырып-жоймайтынын білдірді. Сол баяғы санкцияларға тоқталды.

Сарапшылар Иранның шабуыл жасайтынын алдын-ала ескерткені және нысанаға адамдарды емес, техниканы алғандары өздері «шапалақпен тартып жібердік» деп сипаттаса да, әйтеуір бір әрекет жасау керек деген позицияны ұстағандарына дәлел дейді. Иран халқына арналған көрініс, былайша айтқанда. Ең жаманы - 2018 жылы АҚШ шығып кеткесін онсыз да дүдәмал тұрған Иран ядролық бағдарламасы бойынша келісімнің бейнелеп айтқанда түпкілікті өлуі мүмкін. Еуропа сақтап қалуға тырысып жатса да.

Сонымен «Таяу Шығыстағы кикілжіңдер дүние тұрғанда аяқталмайды» деген күрсіндіретін пайымның негізсіз еместігі тағы дәлелденді.

Ал Иранда тұратын ұлты қазақ Жапарбай Шадкам биліктің жолаушылар ұшағының атылып түсірілгенін мойындағанынан кейін халықтың наразы болып жатқанын айтты. Расында, соңғы ақпараттарға жүгінсек, қалаларда халық көшеге шығып, билікке қарсы ұрандады.


Хабарламаларға жазылу