Қызылорда облысында екі ауыл көгілдір отынға қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында екі ауыл көгілдір отынға қосылды

26.04.2024

Қызылорда облысы, Шиелі ауданында екі бірдей елді мекен табиғи газға қосылды. Ал Жансейіт ауылында апатты мектеп сүріліп, жаңа білім ордасының құрылысы басталды. Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттары игі істерге куә болып, тұрғындармен кездесті.

Екі ауыл көгілдір отынға қосылды

Ақтоған және Алмалы ауылдарында 3 мыңнан аса халық бар. Жылдан жылға өркендеп келе жатқан елді мекенде бұған дейін ауыз су жүйесі жаңғырып, жұрт тіршілік нәрінің келгеніне қуанған. Енді міне, биыл іргелес екі ауылға табиғи газ тартылып, тұрғындар тағы бір бейнеттен құтылды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Газ келді, жаз келді дейді. Бұрын көмір жағып, от жағып отсақ, енді міне үйлеріңіз көгілдір отынмен жылынатын болды. Бұл ауыл үшін қатты қуаныш деп білеміз. Биыл 12 елді мекен көгілдір отынды тұтынуға қол жеткізеді.

100 орындық мектептің құрылысы басталды

Ал аядай ғана Жансейіт ауылында 100 орындық жаңа мектептің кірпіші қаланды. Кезінде теміржол бекеті болып құрылған елді мекенде қазір сексеннен аса отбасы қоныс тепкен. Білім ордасының ғимараты екі қабаттан тұрады. Мердігер компания құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауы тиіс.

Шопанбек Сәреке, ауыл тұрғыны:

Елімізде жаңа мектеп басталғаны көптен бері күткен халықтың арманы тұғын. Талап-тілектеріміз орындалып жатыр. Бұған дейінгі мектебіміз ескі мектеп болатын. Білім алу үшін істеп жатқан мынау үлкен басшыларға алғысымызды айтамыз елдің атынан.

Руханият орталығы бой көтеруде

Сондай-ақ, Шиелі мен Жаңақорған аудандарында Руханият орталығының іргетасы қаланды. Заманауи үлгіде салынатын нысанға кітапхана, мұрағат, мұражай секілді бірқатар мекеме мен қоғамдық ұйымдар бір ғимаратқа топтастырылатын болады.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу