Таяу Шығыстағы ахуал қайта ушықты: Әлем реакциясы қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таяу Шығыстағы ахуал қайта ушықты: Әлем реакциясы қандай?

08.10.2023

Алдымен Таяу Шығыстағы шиеленіске тоқталсақ. Израиль соғыс жағдайын жариялады. Запастағы әскерилерді армияға шақыру туралы шешім қабылданды. Бұған сенбіде ел аумағына Хамас қарулы тобы еніп, шабуыл бастауы себеп. Сонымен бірге Израильге әуеден мыңдаған зымыран ұшырылды.

Израиль бұған жауап ретінде Газа секторын әуеден атқылады. Құрлықта операция бастауға дайындалып жатыр. Екі тараптан жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланды. Тұтқынға түскендер де бар. Бұған қоса Израильге Ливан жағынан зымырандық және артиллериялық шабуыл жасалды. Ал Израиль қорғаныс күштері «Хезболла» тобының нысандарына соққы берген.

Жетпіс жылдық шиеленіс оты қайта қалай тұтанды? Әлем реакциясы қандай? Мұны сарапшы Нұрбек Матжаниден сұрап білейік.

Иә, Таяу Шығыстағы ахуал ушыға түсті. Израиль әскерилерінің мәліметінше, елге Хамастың шамамен мыңға жуық мүшесі енген. Толығырақ сәлден соң.

Сенбі басталған Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс әзірге басылатын түрі жоқ. Хамас тобының командирі Мохаммад Деиф палестиналықтарды соғысуға үндеді. Мұның алдында Хамас Газа секторынан Израильге мыңдаған зымыран жіберген. Снарядтар Тель-Авивке дейін жетіп, тұрғын үйлерге түскен. Соңғы мәліметтерге қарағанда атыс-жарылыстардан Израильде 250 адам қаза тапты. 1 млн 800 мың адам жараланды. Бұған қоса Хамас мүшелері әскерилер мен бейбіт тұрғындарды кепілге алып, оларды Газа секторына алып кеткен. Тұтқынға түскендердің нақты саны белгісіз. Ал Израиль қарулы топтың әрекетіне жауап ретінде «Темір қылыштар» атты операция бастап, әуеден оқ жаудырып жатыр. Одан Палестина жағында 230 адам мерт болып, мыңнан астамы зардап шеккен. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа тұрғындарын қаладан тез кетуге үндеді. Мұнда электр қуаты, отын және тауар жеткізу тоқтатылды. Израиль армиясы сектордың түкпір-түкпірінде күш қолдануға және Хамастың нысандарын күлге айналдыруға бекінген. Бұған қоса Нетаньяху Израильді ұзақ және күрделі соғыс күтіп тұрғанын айтты. Премьер-министрдің сөзінше, қарулы топ мүшелері ел аумағынан толықтай шығарылғанда, бұл соғыстың бірінші кезеңі аяқталады деді. Соңғы мәліметтерге сай, Израиль күштері қарулы топты 8 елдімекеннен шығару үшін күресіп жатыр. Саяси сарапшылар Израиль Газа секторына әскер кіргізуге дайындалып жатқанын мәлімдеп отыр. Елдің қорғаныс министрі запастағы әскерилерді армияға шақыру туралы шешімді құптады. Израиль мен Хамас арасында бұған дейін соңғы ірі соғыс 2021 жылы болып, 10 күнге созылған еді.

Әлем лидерлері Израиль мен Хамас арасындағы қарулы қақтығысқа алаңдаушылық білдірді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесі шабуылды сынға алды. ЕуроОдақ Израильдегі жағдайды бақылап отырғанын мәлімдеді. Қытай да халықаралық қауымдастықты бітімге тезірек қол жеткізуге үндеді. Жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеу үшін соғыс қимылдарын тоқтатуға шақырды. АҚШ Хамас қарулы тобының шабуылын сынға алып, Израиль өзін-өзі қорғауға құқылы деп мәлімдеді. Катар болса, оқиғаға Израильді айыптады. Түркия мен Ресей қарулы қақтығысқа қатысушы тараптарды диалогқа шақырды. Режеп Тайып Ердоған: «Түркия Израильдегі таңғы оқиғалар бойынша тараптарды сабырлық танытып, шиеленістің эскалациясына алып келетін шалт қимылдардан бас тартуға шақырады», - деген. Түркия президенті Анкара Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітіне қандайда бір шабуыл жасалса, қарсылық танытуды жалғастыра беретінін де жеткізді. Ал Түркия оппозициясының позициясы қарама-қайшы. İYİP партиясының лидері Мераль Акшене Хамастың әрекетін сынағанымен, Палестинаға қолдау білдірді. Иран меджлисінің депутаттары, тіпті, Хамастың Израильге қарсы әскери операциясын ашық құптап отыр.

Израильдегі қазіргі ахуалға байланысты Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігі үндеу жасады. Елшіліктің әлеуметтік желіде жарияланған мәлімдемесінде қазақстандықтар қауіпсіздік шараларын сақтауы керектігі айтылған.

«Қауіпсіздік жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты, Қазақстанның Израильдегі Елшілігі барша (әсіресе, елдің оңтүстігіндегі) қазақстандық азаматтарды Тыл қолбасшылығының нұсқауларын сақтауға, қауіпсіз жерлерде отырып, ресми билік хабарлағанға дейін сонда қалуға қатаң кеңес береді».

Ал Air Astana әуе компаниясы Тель-Авив рейстеріне билет сатуды уақытша тоқтатты. Air Astana Тель-Авивте жүрген әуекомпания қызметкерлерін қоса алғанда, қазақстандықтардың елге аман-есен оралуын ұйымдастыру үшін қажетті шаралар жасап жатқанын хабарлады.

Ал Ауғанстанның батысында қуатты жер сілкінісі жүздеген адамның қазасына себеп болды. Магнитудасы 6,3 баллдық зілзала Иранмен шекараға жақын маңдағы Герат провинциясында болған. Одан кейін тағы екі қуатты дүмпу тіркелген. Табиғи апаттан мыңнан аса адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланған. Құрбандар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені адамдар құлаған ғимараттардың астында қалып қойған. Іздеу-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Үйінділер жолдарды жауып, құтқарушылардың қозғалысына кедергі келтіріп тұрғаны да жағдайды ушықтыра түскен. 12 ауыл жермен-жексен болған.

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, зілзала ошағы - Герат провинциясында 1 млн 900 мың адам тұрады. Оның осы аттас әкімшілік орталығы Ауғанстанның мәдени астанасы болып саналады. Соңғы рет қуатты дүмпу былтыр жазда Ауғанстанның оңтүстік-шығысында болған еді. Ол кезде табиғи апаттан 1000-нан аса адам қаза тауып, 1600 адам жарақат алып, ондаған мың адам үйсіз қалған. Жылдар бойы гуманитарлық дағдарыстан шыға алмай отырған Ауғанстан үшін мына жер сілкінісі ауыр соққы болғаны айтпаса да түсінікті.

Осы аптада ғылым саласы бойынша әлемдегі ең беделді марапаттарының бірі Нобель сыйлығының лауреаттары анықталып жатыр. Нобель сыйлығы жыл сайын Физика, Химия, Медицина, Әдебиет, Бейбітшілік және Экономика саласында жетістікке жеткен азаматтарға беріледі.

Сонымен 2023 жылғы Физиология немесе медицина саласындағы Нобель сыйлығын Каталин Карико және Дрю Вайсмен алды. Нобель комитеті оларды COVID-19-ға қарсы вакцина жасауға көмектескен жаңалығы үшін марапаттаған.

Физика бойынша марапат Пьер Агостини, Ференц Крауш және Анна Л’Улье есімді ғалымдарға берілді. Олар 2001 жылы аттосекундтық физика саласының негізіне айналған сәтті эксперимент жасауымен белгілі болған еді. Ғылыми қауымдастық аталған ғалымдардың еңбегін «атомның ішіне үңілуге мүмкіндік берген жаңалық» деп бағалап отыр.

Ал, Химия саласындағы биылғы Нобель сыйлығының лауреаттары америкалық ғалымдар – Мунджи Беуенди, Луи Брус және Алексей Екимов. Ғалымдарға марапат «кванттық нүктелерді ашқаны және синтездегені» үшін берілгені көрсетілген.

Әдебиет бойынша марапат норвег драматургі Ион Фоссеге берілді. Оның еңбегін Швед академиясы: «жаңашыл пьесасы мен прозасы арқылы айтылмайтынды айтқаны» деп бағалаған.

Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы Ирандағы әйел құқықтары және жалпы адам құқықтары мен бостандықтары үшін күресіп жүрген Наргис Мохаммадиге берілді.

Нұрбек Матжани


Хабарламаларға жазылу