Қарағандыда әлем елдерінің астаналары мен президенттерін жатқа білетін вундеркинд бала тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда әлем елдерінің астаналары мен президенттерін жатқа білетін вундеркинд бала тұрады

08.01.2020

Қарағандыда дүниежүзі картасын жатқа білетін вундеркинд бала тұрады. Небәрі 2-сыныпта оқитын оқушы Әрсен Тәпенов жер бетіндегі барлық елдің астанасын, туын, басшысын, тіпті тарихына қатысты деректерді жадына сақтап алған. Ерекше зейінді бала енді түрлі мемлекеттердің әнұранын жаттауға көшкен.

Әрсен Тәпенов үлкендер қойған сауалдарға осылайша оп-оңай жауап береді. Төрткүл дүниенің төрт бұрышындағы мемлекеттерді, астанасын, тіпті президенттерін жатқа біледі. Әлем картасынан кез-келген елдің географиялық орналасуын көрсету оған еш қиынға соқпайды. Балақайдың ерекше қабілетін алғаш ата-анасы байқаған.

Аян Телманқызы, Әрсеннің анасы:

-Ең бірінші рет әлем картасын көргенде сұрады «Бұл не?» деп... Сосын біз түсіндіріп бердік. Одан кейін қызығушылығы аса түсті. Сосын, тіпті, біз білмейтін сұрақтар қоя бастады.

Аса дарынды баланың білімге деген қызығушылығы зор. Қатарластары секілді доп қуып, далада ойнамайды. Гаджетке тіпті жуымайды. Көбіне үйде отырып кітап оқығанды ұнатады. Сыйлыққа да ойыншықтан гөрі кітап, әлем картасы, глобусты алғанды қалап тұрады.

Әрсен Тәпенов, №102 мектептің 2-сынып оқушысы:

-Мен өскенде шетелдерді аралағым келеді. Астаналарына барып. Тілдерін үйренгім келеді.

Қиялы жүйрік, ойы ұшқыр оқушы сыныпта ең кенжесі болғанымен барлық пәннен озат. Бірінші класқа келгенде мекен-жайын, ата-анасы мен туыстарының туған күнін жатқа айтқан балаға ұстаздар таң қалған. №102 мектептің педагогтары оның есте сақтау қабілеті ерекше екендігін айтады.

Әрсеннің басты арманы – әлемді аралау. Бала жүрек әлден қазақтың атын әлемге мәшһүр етуді армандайды. Ол үшін бірнеше тілді жетік білу керектігін де жақсы түсінеді. Сондықтан ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын курсқа барып жүр. Нәтиже жаман емес. Қазірдің өзінде 5 елдің әнұранын жатқа біледі.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу