Педофилдерге қылмыстық жазаның күшеюіне қатысты мамандар пікір білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Педофилдерге қылмыстық жазаның күшеюіне қатысты мамандар пікір білдірді

08.01.2020

Өткен жылы елімізде зорлау фактісі бойынша 1047 қылмыстық іс тіркелді. Зардап шегушілердің 154-і бала. Тергеу нәтижесінде 576 педофилдің қылмысы дәлелденіп, түрмеге тоғытылған болатын. Бұл тек тіркелген дерек. Жасырып, жабулы қалған оқиғалар да жоқ емес. Енді биылдан бастап бұл қылмысқа барғандар бар өмірін түрмеде өткізеді. Қылмыскер мен зардап шегушінің өзара келісіп, ымыраласуына жол берілмейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің пәрменімен жаңа заңға қол қойылды.

Педофилдің қақпанына түскендердің 15 пайызы бала. Бұдан былай қорғансыздардың өмірін қор қылған қылмыскерлер бар өмірін темір тордың ар жағында өткізеді. Осыған дейін кінәлілер небәрі 7-12 жыл сотталатын болса, енді 14 жасқа дейінгі балаларды зорлағандар 20 жыл немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Бұл тұрғыда заңгерлер жәбірленушіге қайтадан кесірін тигізбес үшін, қоғамнан оқшаулаған дұрыс деп санайды.

Осылайша, сексуалды сипаттағы зорлау фактілері орташадан «ең ауыр қылмыс» қатарына жатқызылды. Жаңа Кодекс бойынша, қылмысты бұрмалаған немесе біле тұра хабарламаған куәгерлер де жазасыз қалмайды Ал педофилдердің зардап шегушімен ымыраласуына, мерзімінен бұрын босауға, белгілі себептермен жазасын кейінге шегеруге, жаза мерзімін айыппұлмен өтеуіне жол берілмейді.

«Педофилия – жазылмайтын ауру. Ал бұл қылмысқа барғандар -қоғамның қауіпті мүшесі»,- дейді психолог мамандар. Сондықтан жаңа заң бала болашағы үшін тиімді болмақ.

Шетелдегі жаза түрлеріне көз жүгіртер болсақ, Мәселен, Францияда педофилдерді 15-20 жыл, Жапония 30 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Қытай, Иран, Ирак, Сауд Арабиясы, Малайзия сияқты әлемнің 50 елі педофилдерді қылмыс деңгейіне қарай өлім жазасына кеседі. Ал Германиядағы заңның қаталдығы сонша, кішкене қыздарға қарағаны үшін де жазаға тартылады.

Ал осыдан 2 жыл бұрын қабылданған химиялық кастрациялауға қатысты заң өз күшін жойған жоқ. Бұл тәсілдің кімдерге жасалатынын қылмыс деңгейіне, сараптама қортындысына сай сот тағайындайды. Өткен жылы 88 адамға химиялық кастрация жасалып, биыл 71 педофилге қолданылу жоспарланып отыр.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу