Шығыс Қазақстандағы Кезеңсу ауылында мал ұрлығы өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстандағы Кезеңсу ауылында мал ұрлығы өршіп тұр

06.01.2020

Шығыс Қазақстандағы Кезеңсу ауылының тұрғындары мал ұрлығынан көз ашпай отыр. Тіпті, соңғы жылдары жан бағып отырған төрт-түлігінен айырылып, қорасы қаңырап бос қалғандар бар. Ауыл халқы қанша шағымданғанымен полицияның өзі барымташылардың жолын кесуге дәрменсіз болып отыр.

Шығыс Қазақстандағы Шар қаласына қарасты шағын ауылдың халқы малмен ғана күнелтеді. Бірақ соңғы жылдары өрістегіні малды өңгеріп, қорадағыны қымқырып зар илеткен ұры- қарыға тоқтау болмай тұр.

Екі жыл бұрын ұрылар ауылдан 70 сиырды айдап кеткен. Бірақ бірде бір қылмысты аша алмаған полицияның дәрменсіздігіне жұрттың өкпесі қара қазандай.

Жазаның қатайғанын тәртіп сақшылары да құп көріп отыр. Өйткені осыған дейін қолданыста болған заңның солқылдақтығынан талай ұры сытылып кете барған.

Ұрлықпен ұсталғандар тез құтылып, үйреншікті әдетіне басады. Тек Жарма ауданында өткен жылы 48 мал ұрлығы тіркелген. Қылмыстың басым бөлігі со күйі ашылмаған.

Еліміз бойынша соңғы 5 жылда 11 мың қылмыскер мал ұрлығы үшін жазаға тартылған. Бірі кешіріммен құтылса, енді бірі айыппұлмен қылмысын жуып-шайған. Жаңа заң бойынша ондайлар енді оңай құтыла алмайды. Ауыр қылмыспен тең саналатынықтан, мал ұрлығымен қолға түскендер жазасын жылдап темір торда өткізеді.

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу