Зейнетақы жинағын баспана мен білім алуға жұмсауға қатысты тетіктер дайын. Оны Мемлекет басшысы бекіткеннен кейін, жалпыға жария етеміз. Бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихаты кезінде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев осылай деді. Оның айтуынша, зейнетке шыққан адамның бейқам өмір сүруі үшін 11-12 млн теңге жинақтауы керек. Қазір қорда 10 млн-ға жуық салымшының 10 трлн теңге жинағы бар. Орташа есеппен бір салымшының есепшотында 1 млн теңгесі бар. Жалпы биылғы он екі ай әлеуметтік мәселелер күн тәртібінен түспеген жыл болды. Осы орайда атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Әл-ауқаты төмен отбасылардың несие бойынша қарыздары мен өсімпұлдары кешірілді. 1 млннан астам қазақстандықтың банк алдындағы қарызы өтелді. Өтеменің жалпы сомасы 33 млрд теңгеге таяу. Келер жылы да мемлекет әлеуметтік мәселелерді шешуге мән беріп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыра бермек.
Ғабит БӨКЕБАЙ