Алматыда Зерделі шағын ауданындағы қисайған үйдің 70-ке жуық
тұрғыны үдере көшіп кетті. Тек көпбалалы 3-4 отбасы қалды. Себебі олардың осы
баспанадан басқа барар жерлері жоқ. Ал қаңырап бос қалған басқа пәтерлердің есігіне мөр
басылып, ауласын полицейлер күзетіп жүр. Олар соңғы шешім қабылданғанша, тұрғындардың
дүние-мүліктерін қарауылдайды.
Бұрынғы Алғабас қазіргі Зерделі шағын ауданындағы 2013 жылы
мемлекеттік бағдарламамен берілген 179 көпқабатты тұрғын үй 15 сантиметрге қисайып,
тұрғындардың есін шығарды. Есеңгіреген жұрт қауіпті аймақтан жаппай көшуге мәжбүр
болды.
Сонымен қатар сейсмикалық плитасы, іргетасы бірге салынған көрші
үйдің тұрғындарынан да маза кеткен. Себебі түнде темір майысып, қабырға сөгілгендей
сықырлайтындығын айтады.
Қазір мұнда тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар ғимараттың жан-жағын бақылауға алған. Енді үйдің қаншалықты пайдалануға жарамды екендігі тек сараптама қорытындысынан кейін анықталады. Ал әкімдіктегілер болса, тұрғындарға барынша көмектесеміз деп отыр.
Бауыржан ЖАҚСЫМБЕТ