Павлодарда лифт шахтасына құлап 1 адам қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда лифт шахтасына құлап 1 адам қайтыс болды

20.12.2019

Павлодарлық тұрғын лифт шахтасына құлап қайтыс болды. Қазір осы іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер анықталып жатыр. Тағы бір тосын жайт, жедел сатыда қалып кеткен әйелге қол ұшын созбақ болған ер адам жауапқа тартылуы мүмкін. Оның кінәсі бар-жоғын полицейлер анықтайды.

Лифт 6-шы және 5-ші қабат аралығында тұрып қалған. Дәл осы уақытта пәтер иелері кооперативінің қызметкері 9-шы қабатта болған.  Төменгі жақтан шыққан дауысты ести сала ол көмекке ұмтылады.  Жеделсаты ішіндегі әйел тынысы тарыла бастағанын айтады. Ол дәл сол сәтте кооператив қызметкері қоңырау шалып, жедел топты шақырғанын айтады. Бірақ дәрігер көмегі қажет болмады.  Іште қалған әйел тіл тартпай кеткен.

Жеделсаты тоқтаған күйі тұр. Қайтыс болған әйел өздігінше шығуға талпынған. Ауа жетпей тынысы тарылған соң, айқайға басқан. Оны естіген тұрғындардың бірі – ер адам көмекке жеткен. Сол уақытта лифт табанындағы саңылауға тайып, төмен құлдыйлағанға ұқсайды. 

Ер адамның қаншалықты кінәсі барын енді полиция анықтайды. Кезінде жатақхана болған үйдің лифті қашан ауыстырылғаны, соңғы рет қай уақытта жөнделгені де тексеріліп жатыр.

Облыс орталығында бүгінде 1400 -дей лифт бар. Олардың 74 пайызы  25 жылдан аса жұмыс істеп тұр. Яғни пайдалану мерзімі әлдеқашан аяқталған.

Болат АМАНБАЕВ

 

Хабарламаларға жазылу