Үржар ауылының тұрғыны бір жылда 38 мың литр сүт өндірген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үржар ауылының тұрғыны бір жылда 38 мың литр сүт өндірген

19.12.2019

Бір жылда 38 мың литр сүт өндірген. Бұл Шығыс Қазақстандағы Үржар ауылында тұратын қарапайым сауыншының рекорды. Қорасындағы он сиырды қолмен сауып осындай көрсеткішке жеткен. Бұл нағыз тынымсыз еңбектің арқасы екендігін айтады таңданысын жасыра алмаған мамандар. 

Роза Болатханованы ауылдастары «рекорд жасаған сауыншы» деп мақтан тұтады. Ол он сиырдан 38 мың литр сүт сауып, қабылдау орталығына өткізген. 5 жылдан бері осы істі кәсіп етіп келеді. Нәтижесінде бала-шағасының аузынан ақ май ағызып, мол табысқа кенелгенін жеткізді.

Қорадағы сиырлар асыл тұқымды емес. Бағуы жақсы болғандықтан, сүтті бұлақтай. Тынымсыз еңбектен түсетін табыстары да тұрақты. Үлкендерін оқытып, аяқтандырған. Қазір ескі үйлерін бұзып кең, жаңа баспана тұрғызып жатыр.

Соңғы жылдары сүт өндірісін табыс көзіне айналдырған үржарлықтар көбейгенін мамандар айтып отыр. Соның арқасында аудан тұрғындарының дені сүт өнімдерін сырттан тасымалдайды. 

Ерлік жасамаса да, адал еңбектің арқасында қамсыз өмір сүруге болатынын дәлелдеді Роза Болатханова. Оның тынымсыз тірлігін бағалаған жергілікті атқамінерлер ауыл шаруашылығы мамандары күнінде сауын құрылғысын сыйлапты. Енді сауыншы биылғы көрсеткішін еселей түсуді мақсат етіп отыр.  

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу