Ақтөбеліктер Мәскеу ауданындағы 1400 үйдің бұзылуына қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеліктер Мәскеу ауданындағы 1400 үйдің бұзылуына қарсы

18.12.2019

Ақтөбеліктер үйлердің бұзылуына қарсы. Жоспарға сай, қаланың Мәскеу деп аталатын ауданындағы 1400 үй сырылуы тиіс. Өйткені бұл жер әкімшілік-іскерлік орталыққа айналады. Алайда, тұрғындар наразылық білдіріп отыр. Өйткені «Бізге үйіміздің құнына пара-пар баспананы ешкім бермейді» деген уәж айтады. Мәселе қалай және қашан шешілмек?

Туғалы осы ауданда тұратын Галина Швецтің ескі үйін 3 жыл бұрын балалары жөндеп берген. Зейнеткер бұл жерден ешқайда кетпейтіндігін айтады. Бірақ «Үйлер бұзылады» деген хабар жеткелі сары уайымға салынып отыр.

Мәскеу ауданы қаланың қақ ортасында. Үйлердің көбі ескіргендіктен, жағдайы барлары жаңадан баспана тұрғызып алған. Тіпті, бір аулаға екі-үш үйден салғандары да бар. Сондықтан тұрғындардың көбі қала билігінің жоспарына қарсы.

Ал қала билігінің өз уәжі бар. Басты мақсат — төртінші мегаполиске айналуы тиіс қаланың келбетін өзгерту, орталықтағы көлік нөпірін азайту. Сондықтан арнайы жоба әзірлеп те қойған.

Яғни инвесторлар тартылып, бұл ауданда көпқабатты үйлер, әлеуметтік нысандар бой көтеруі тиіс. Сондықтан тұрғындардың әзір алаңдауына негіз жоқ көрінеді. Өйткені, үйлер инвесторлармен арадағы келісім бойынша ғана сатып алынбақ.

Қала билігі бұл жоспардың ұзақ мерзімді екенін алға тартып отыр. Яғни қызығушылық танытқан инвесторлар жер үйлерді сатып алғаннан кейін ғана құрылысты бастайды. Алайда, 1400 үйдің нақты қай жылдарға дейін бұзылуы тиіс екенін және онымен келіспегендерге не ұсынатынын жауаптылар айтып бере алмады.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу