Есірткі тәрізді ылғалды темекі елімізде еркін сатылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Есірткі тәрізді ылғалды темекі елімізде еркін сатылуда

18.12.2019

«Снюс» деген сөзді бұрын-соңды естуіңіз бар ма? Ол есірткі тәрізді ылғалды темекі өнімі. Құрамындағы никотин, әсіресе, жасөспірімдердің ағзасына өте зиян. Ең қызығы, снюс — биыл ғаламтордың іздеу жүйесінде ең көп қаралған сөз әрі рейтингі жоғары өнім болып шықты. Демек, сұраныс артқан. Қорқыныштысы сол, есірткі заты Қазақстан нарығында да, ғаламтор желісінде де ашықтан ашық сатылып жатыр. Ал заң жүзінде оған шектеу жоқ.

Снюстің елімізде сатылатынын ескерсек, бұл өнімнің қазақстандық балғындарға да әсер етпей қоймасы анық. Мәселен, елордадағы 76 мектеп ұстаздары балалардың түсініксіз жағдайда өздерін жайсыз сезінген жайттар бар екенін жасырмады.

Қазақстандық оқушылар да зиянды затты білмейді емес, біледі. Снюс есірткі тәрізді, түтіні будақтамайды. Кәмпит, сағыз, насыбай сияқты түрлері әрқалай болғанымен, зияны бір. Ерін қуысына салады. Яғни балалардың пайдаланғанын үлкендер білмей қалуы да әбден мүмкін. Сол себепті ата-аналар тарапынан алаңдаушылық бар.

Ылғалды темекінің құрамында никотин 40- 60 мг-нан басталады. Бір данасының өзі 3 қапшық темекімен пара-пар. Дәрігерлер бұл жас ағзаны тәуелді қылып, аяғы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін екендігін айтады.

Швеция мен Норвегиядан өзге Еуропа елдерінде ылғалды темекі өніміне тыйым салынғанына біраз болды. Ал көрші Ресей 2015 жылдан бері заңсыз сатылымдармен күресіп әлек. Тіпті, балалардың өлімі де тіркелген. Ал біздің елде зиянды өнім еркін сатылымда.

Сондықтан құрметті көрермен, әсіресе ата-аналар, егер балаңыздан мұндай затты байқасаңыз, қазірден қолға алғаныңыз жөн. Өйткені аңғалдықпен жасалған әуесқойлық ажалға итермелемейтініне ешкім кепілдік бере алмайды.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу