Сыр өңірінде қадағалаушы орган өкілдерінің кәсіби мерекесі аталып өтті. Салтанатты жиында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, түрлі саладағы қызметті заң аясында жүзеге асырып жүрген прокурорлар құрметке бөленді.
Қызылордада жыл басынан бері облыстық прокуратурамен әлеуметтік-экономикалық салаға 65 тексеру жүргізіліп, бюджетке 2,5 миллиард теңге өндірілді. Осы тексерістердің нәтижесінде жеті азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда тергеп тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ прокурорлық қадағалу актісімен 48 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтың құқығы қорғалды. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп істеген жұмыстың нәтижесінде облыста қылмыс 15 пайызға, соның ішінде кісі өлтіру дерегі 36 пайызға төмендеп отыр. Мерекелік жиында жыл басынан бері осындай нәтижелі жұмыс атқарып, халықтың құқығын қорғап жүрген қадағалаушы орган өкілдері марапатталды.
Ә.СЕРІКҰЛЫ