Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы өнімінің өсуі бойынша республикада көш бастап тұр. Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыруда 11 ауылдық округте қанатқақты жоба жүзеге асып жатыр. Баламалы электр қуатын өндіруге де ерекше ден қойылған. Құны 118 миллиард теңгені құраған бес жоба іске іске қосылғанда 403 МВт таратуға қауқарлы. Өңірдегі өзге де өркенді істерді Асқар Мырзахметов бүгін орталық коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.
Тілшілердің өңір басшысына қойған алғашқы сұрағы жол мәселесі. Теріскей мен оңтүстік өңірлерді жалғап тұрған Меркі – Бурылбайтал тас жолы тұрғындарды көптен бері титықтатып жіберген. Асқар Мырзахметов жол құрылысы биыл басталғанын айтты. 3 жылдың ішінде көліктер жаңа жолмен жүйіткейді. Табиғи отынға қатысты да үлкен мәселелер бар өңірде. 377 елді мекеннің тек 48 пайызы ғана газдандырылған. Құбырлар ауыл ішіне тартылғанымен аулаларға кірмеген. Басты себебі тұрғындардың қалтасы көтермеген.
Әлеуметтің әлеуеті үшін де үлкен жұмыстар атқарылуда. Мәселен, бұрын соңды болмаған жылдамдықпен 2 жылда 95 елді мекенде емхана салынды. Билік пен бұқара арасындағы байланыс та тиісті деңгейде екенін айтты өңір басшысы. Қазір 35 мыңға тарта жамбылдық атаулы әлеуметтік көмек алады. Жаңа жылдан бастап жаңа ережелерге сәйкес олардың саны 2 есеге қысқарып кетуі мүмкін. Қазір өңірде осы өзгерісті қарапайым халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өңірдегі экономикалық өсімнің көрсеткіші де оң бағытқа өзгерген. 105,7 пайыз. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,5 пайызға, ауыл шаруашылығы - 4,4, құрылыс - 9,2 пайызға, көлік - 3,6, сауда - 4,5, байланыс - 6,4 пайызға артқан. Жалпы есеппен алғанда республикалық орташа көрсеткіштен біршама жоғары. Асқар Мырзахметов облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыру үшін жұмыстар жалғаса беретінін айтты. Әулиеата өңірі алып құрылыс алаңына айналған. Әсіресе Таразды туристік орталыққа айналдыруға түрлі нысандар бой көтерген. Шахристан этномәдени, Тектұрмас этно-тарихи, Қараалма тау шаңғы кешені сында жобалар Жамбылды жаңа қырынан танытары сөзсіз. Бұл нысандар осы айдың соңында аймақтың 80 жылдық тойында ел игілігіне беріле бастайды.
Оңғар АЛПЫСБАЙ