Бүгін Францияда зейнетақы реформасына қарсы жұмысшылардың жаппай ереуілі басталды. Халық арасында «қара бейсенбі» аталған акция бүкіл ел аумағында өтпек. Соның салдарынан, таңертеңнен бастап Парижде қоғамдық көлік тоқтап, теміржол қатынасы мен әуе рейстері доғарылды. Сонымен қатар, оқу мекемелері мен кәсіпорындар жабылған. Ал Лион қаласында мыңдаған тұрғын жолдарды бөгеп, шерулетіп жатыр. Мемлекет бойынша осындай тағы 250-ге жуық манифестация өтеді деп жоспарланған.
Халық зейнетақы реформасының жаңа жобасына наразы. Оған сәйкес, зейнетке шығу жасы 62 болып қалғанымен, өзгерген жүйемен есептегенде ол 64-ке дейін ұзартылады. Ал зейнетақы мөлшері балдық жүйемен есептелмек. Бұған ашынған халық реформаны «әділетсіз» деп отыр.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ