Ауа райына байланысты еліміздің үш облысында республикалық маңызы бар жолдар жабылды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖолдың» баспасөз қызметі хабарлады.
3 желтоқсан сағат 20:00-ден бастап көктайғаққа байланысты Ақтөбе облысындағы Самара-Шымкент, Хромтау-Ырғыз (843-1153 шақырымы), Белогорка-Ырғыз (773-1153 шақырымы) тасжолдары автокөліктің барлық түрі үшін жабылды. Алайда ауа райы сабасына түсіп, сағат 10:00-де қайта ашылды.
4 желтоқсан сағат 00:00-ден бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты (қар аралас жаңбыр жауды) Қызылорда облысындағы республикалық маңызы бар Самара-Шымкент, Арал қаласы - Ақтөбе облысының шекарасы (1357-1240 шақырымы) жолдарында көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Бұл жолдар да сағат 10:00-ден бастап ашылды.
4 желтоқсан сағат 01:40-тан бастап көктайғаққа байланысты Қарағанды облысындағы Қызылорда-Павлодар, Топар-Атасу (748-906 шақырымы), Қарағанды-Нұр-Сұлтан автожолдары жабылды.
Сонымен қатар 4 желтоқсан сағат 07:40-тан бастап ауа райының нашарлауына байланысты (көктайғақ) Алматы-Екатеринбург (Қарағанды-Ақсу-Аюлы) тасжолында дизельді, қоғамдық және жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды.