Талай сыр-құпияны әлі де ішіне бүгіп жатыр. Әйтпесе туристерді таң-тамаша қалдыратын, сұлулығына сөз жетпейтін, шатқал-шоқылары, суы балдай бұлақтары, сай-саласы бар. Соның бірі - Қарашор сарқырамасы. Адам аяғы жете бермейтін Қаратау қойнындағы ғажапты телеарна тілшілерінің арасында тұңғыш боп біздің Түркістандағы әріптесіміз Гүлжазира Ғалиқызы барып, көріп қайтты.
Қаратау – аңыз-әпсананың алтын көмбесі. Қазақтың бұзылмас болат қорғаны, алынбас алып қамалы. Сарқырамаға жету үшін сабылып біраз жүрдік. Ақсерке сайы, Жарас тауына дейін орманшылардың көлігімен жеттік. Әрі қарай жаяу тарттық.
Расында Қаратау әулиенің кені дерсің. Үкаш ата құдығынан су ішуге таласатындар осы таудың түкпірінде Жылаған ата, Қызқорған, Балақорған, Егізқора, Оғызтау, Қатынқамал үңгірі сынды тарихы терең орындар барын білмейді. Білсе де, келуге қиынсынады. Жолсыз, тау мен тастың арасында жаяу жүру-экстремалды саяхатты сүйетіндерге болмаса, көпке жақпас.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ