Қазақстанда референдум өткізу ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда референдум өткізу ұсынылды

22.11.2019
Қазақстанда референдум өткізу ұсынылды

Елімізде саяси партиялар мен сайлау туралы заңға өзгеріс енгізу мәселесі жөнінде референдум өткізу ұсынылды.

«20 қарашада Орталық сайлау комиссиясына республикалық референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топ өтініш берді. Н.Исқалиев, А.Әбдіқалықова, М.Дәрібеков Орталық сайлау комиссиясының қарауына бастамашыл топты тіркеу үшін құжаттар пакетін және референдумға ұсынған мәселелерді енгізді», делінген комиссияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Бастамашыл топты тіркеу туралы өтінішпен бірге, референдум туралы өткен жиынның хаттамасы ұсынылған.

Референдумға ұсынылған мәселелер:

- «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер енгізуге, оның ішінде партияны мемлекеттік тіркеу кезінде оның мүшелерінің санын қырық мың адамнан бір мыңға дейін азайтуға келісесіз бе?»;

- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына өзгерістер енгізуге, оның ішінде пропорциялық жүйемен тең мөлшерде бір мандатты округтер бойынша сайлау жүйесін енгізуге келісесіз бе?».

ОСК бұл құжаттарды «Республикалық референдум туралы»  заңның талаптарын сақтауға байланысты заңнамамен белгіленген мерзімде қарайтын болады.


Хабарламаларға жазылу