Алматының көшелеріндегі (Абай мен Қонаев, Достық пен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы) билбордтарда есірткі заттары ашық жарнамаланып келген. Жаға ұстатарлық жайтты әлеуметтік желі қолданушылары байқап, құзырлы органдарға шағымданған. Көпшіліктің наразылығын тудырған баннерлерді ілуге 11 қарашада тапсырыс берілген екен. Ол жарнамалар Алматы көшелерінен кеше алынып тасталды.
Оқиға қалай болды?
Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасындағылардың айтуынша, жарнаманың алғашқы мазмұны мүлдем басқаша болған. Кейін өтініш берушілер сайттағы жарнаманы өзгертіп жіберген. Баннерлерде QR-код пен сайт атауы көрсетілген. Код арқылы сайтқа өткен адамдарға стафф, спид, мефедрон, кристал сынды есірткі заттарын қайдан алуға болатыны туралы ақпараттар көрсетілген. Ең сорақысы - баннерді ілгендер әлеуметтік желіде бағалы сыйлықтар (мысалы, iPhone) ойнатқан. Байқаудың талабы бойынша, үміткерлер осы баннердің қасында суретке түсіп, достарын белгілеп, желіге жүктеу керек болған.
Есірткі заттарын ашық жарнамалағандар кімдер? Ұсталды ма?
Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, жарнамаға тапсырыс берген тұлға анықталды. Ол Қарағанды қаласының тумасы болып шықты. Күдікті сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды, Өскемен қалаларында да билбордтарға тапсырыс берген екен.
Ал есірткі жарнамасын орнатқан компания 750 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды. Тергеу әлі де жүріп жатыр.